«Уақытша жаяу жүргіншілер аймағын құру үшін демалыс күндері бірқатар көшені жабуды сарапшылармен талқыладық. Бірінші кезеңде Қабанбай батыр — Гоголь — Назарбаев — Абылай хан даңғылындағы шаршы аймақ ұсынылды. Жұмысты қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталғаннан кейін бастаймыз», — деді Сағынтаев Twitter-парақшасында. 

Әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бірінші кезеңде Алмалы ауданының бес көшесі жексенбі сайын бір күнге жабылады  деп таңдалды. Қабанбай батыр мен Гогольдің арасындағы Панфилов көшесі және Назарбаев пен Абылай хан даңғылының арасындағы Бөгенбай батыр, Төле би, Қазбек, Әйтеке би көшелері жабылады. 

«Басты мақсат – жолдағы көлік санын азайту. Қаланың басқа да аудандарында бір күнге бір көше жабылады», – деді әкімдіктегілер.

Сондай-ақ, сарапшылар қауымдастығы көліктің жүк және мотоцикл түрлерінің қалаға әсерін талдайды. Атап айтқанда «экологияны жақсарту бойынша кешенді шешімдер ұсыну үшін көліктік жүктеме, зиянды шығарындылар мен шу деңгейі бойынша жағдайды бағалау тапсырмасы тұр». Әкімдіктің айтуынша, зерттеуге көлік, экология, урбанистика, қала құрылысы саласындағы мамандар қатысады.


Біздің Facebook-парақшамызға жазылыңыз